Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

«Кремль. Путин жобасы. Мұрынбоқ»: Журналистикаға келмей жатып пәтер мен марапатқа бөленген Әділ Балтабаев халықтың ашуын тудырды

Фото: коллаж Sn.kz Әлеуметтік желіде журналист Әділ Балтабаев пен продюсер Нұрлан Қоянбаевқа қатысты дау туындады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Биыл жазда Балтабаев Instagram парақшасында жаңа пәтерін көрсетіп, әдемі астаналық күнбатыстарға терезеден қарап түсір

Авторы Айғаным Нариманова··2 мин оқу
«Кремль. Путин жобасы. Мұрынбоқ»: Журналистикаға келмей жатып пәтер мен марапатқа бөленген Әділ Балтабаев халықтың ашуын тудырды

Фото: коллаж Sn.kz

Әлеуметтік желіде журналист Әділ Балтабаев пен продюсер Нұрлан Қоянбаевқа қатысты дау туындады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Биыл жазда Балтабаев Instagram парақшасында жаңа пәтерін көрсетіп, әдемі астаналық күнбатыстарға терезеден қарап түсірген видеолар жариялаған болатын. Осыдан кейін журналистер қауымы мен желі қолданушылары “жас журналист қалайша осындай жеңілдікке қол жеткізді?” деген сұрақ қойып, қызу талқы басталды.

– «Жас, дені сау, бойдақ жігіт пәтер алып отыр. Ал көптеген әріптестеріміз бірнеше жұмыста жүріп, жылдап үйге жете алмай отыр. Бұл нағыз масқара», – деп жазды журналист Баур Жұмағалиев.

– «Журналистикада небәрі 2–3 жыл жүрген адам әкімдіктерге «тапсырма» беріп, пәтер алып отыр. Ал ондаған жылдық тәжірибесі бар әріптестеріміз кезекте қалуда», – дейді саясаттанушы Әділ Сейфуллин.

Айта кетейік, Балтабаев 2020–2021 жылдары журналистикаға келіп, көп ұзамай президенттің сапарларын жариялап, ақпараттық қолдау көрсетумен айналысып жүр.

Жаңа дау “Қайрат” пен “Реал Мадрид” арасындағы ойынды талқылаудан басталды. “PRESIDENT” жобасының жүргізушісі Әділ Балтабаев футболға қатысты жазбасында блогер Артур Асқарұлының “Қайратты” қолдауын үлгі етіп, Нұрлан Қоянбаевтың қалжыңдарын “орынсыз” деп бағалады.

– “Біздің жігіттерге әзіл емес, қолдау қажет”, – деп жазды ол.

Алайда көпшілікке Балтабаевтың Қоянбаевты тек фамилиясымен атағаны ұнамады.

– “Қалай журналист болып жүр? Әр жазбасын оқығанда жиіркенесің. Қоянбаев сізден артық патриот екенін білесіз бе?” – деп жазды желі қолданушылары.

Көптің сынына тікелей Қоянбаевтың өзі жауап берді:

– «Балтабаев, президенттің жанында жүрсіз деп шектен шығып кеткен жоқсыз ба? "Қоянбаев" емес, "Нұрлан Қоянбаев" деп жазсаңыз дұрыс болар еді. Егер патриот болсаңыз, қазақша жазыңыз», – деді продюсер.

Ал Қоянбаевтың әріптесі, жайдарманшы Мәлік Хасенов те араласып: “15 жыл сахнада бірге жүріп, ешқашан оны тек фамилиясымен атамадым. Үлкенді құрметтеу – қазақы дәстүр. Нұрлан Қоянбаевтан асқан патриотты көрген жоқпын” деп қолдау білдірді.

Threads желісінде бұл қақтығыс қыза түсті. Пікірлердің көбі Балтабаевқа қарсы бағытталды:

– «Сен кімсің мұрынбоқ?»
– «Пропагандист»
– «Қоянбаев нағыз патриот, ал сен не тындырдың?» – деген сарындағы мыңдаған пікір жазылды.

Бұл дауға саясаттанушы Әділ Сейфуллин де араласып, “Президент” жобасының бастапқыда өз идеясы болғанын, бірақ Балтабаев билікпен жақындығының арқасында жүргізуші болғанын айтты. Ол Балтабаевты “есіріп кетті” деп сынады.

Сейфуллиннің сөзінше, жоба Ресейдегі Кремльдік үлгіге сүйеніп жасалған. Путиннің жеке журналисті Павел Зарубин секілді, Балтабаев та президенттің әр сапарынан бейнематериал жасап, өзінің жеке брендіне айналдырды.

Осы талқылардың ортасында желідегі жұртшылық Балтабаевтың өмір салтын да қазбалап шықты. Пәтер, грант, бизнес-лаунждардағы селфилер, жаңа iPhone-дар, банктердің жарнамасы – мұның бәрі оның атына тағы сын болып жабылды. Көпшілік “журналист емес, шенеунікке айналып кеткен” деп бағалап, тіпті Threads-та “Балтабаевқа кәнсіл” хэштегі таралды.

Қысқасы, Әділ Балтабаев қазір қоғамның назарында. Бір жағынан – президенттің жеке сапарларын жариялап жүрген шапшаң, креативті журналист. Екінші жағынан – пәтер мен жеке өміріне қатысты айыптаулардың нысанасы.

Әзірге оның өзі тек кейбір оппоненттеріне ғана жауап беріп отыр. Ал көпшілік талқысы әлі басылар емес.

Ұқсас материалдар

«Кремль. Путин жобасы. Мұрынбоқ»: Журналистикаға келмей жатып пәтер мен марапатқа бөленген Әділ Балтабаев халықтың ашуын тудырды · Todayinfo