2026 жылғы 4–10 маусым аралығында Ғылым ордасында «Қолжазбатану және цифрлық гуманитаристика» атты Жазғы мектеп өтті. Іс-шара BR28712621 «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында өткізілді.

Жазғы мектеп жұмысына Гарвард университеті жанындағы Дэвис атындағы Ресей және Еуразия зерттеулері орталығы (АҚШ), Токио шет тілдері университетінің Азия және Африка тілдері мен мәдениеттерін зерттеу институты (Жапония), Кыршехир Ахи Эвран университеті (Түркия), Түркияның қолжазба ескерткіштері басқармасы (Түркия), сондай-ақ Индиана университеті (АҚШ) өкілдері, сондай-ақ қолжазбатану, кодикология, цифрлық гуманитаристика, жазба мұраны сақтау және реставрациялау салаларындағы жетекші отандық және шетелдік мамандар қатысты.

Жазғы мектеп барысында шағатай тілі мен қолжазбаларын зерттеу, оқыту және цифрландыру мәселелері, архив ісі мен қолжазба қорларын сақтау тәсілдері, ислам, түркі және парсы жазба мұрасын зерттеу мен каталогтау тәжірибелері қарастырылды. Сондай-ақ араб графикасындағы түркі қолжазбаларын кодикологиялық зерттеу, Орталық Азия қолжазбаларының мазмұндық-тілдік ерекшеліктері, эпиграфика мен кодикологияның тарихи дереккөз ретіндегі маңызы және қолжазба мұрасын сақтаудың өзекті мәселелері талқыланды.

Бағдарлама аясында OCR технологиялары мен жасанды интеллект құралдарын қолжазбаларды тану, цифрландыру және ғылыми айналымға енгізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар халықаралық архивтік-зерттеу тәжірибелері таныстырылып, қолжазбаларды реставрациялау, сақтау, каталогтау және консервациялау бағыттарындағы заманауи әдістер көрсетілді. Қатысушыларға цифрлық гуманитаристика саласындағы озық ғылыми тәсілдер мен халықаралық тәжірибелер ұсынылды.
Жазғы мектеп көне түркі (шағатай) жазба мұрасын сақтау, зерттеу және цифрлық ортаға бейімдеудің өзекті ғылыми-тәжірибелік мәселелерін кешенді түрде қамтыды. Бағдарлама Бағдарлама кәсіби құзыреттілікті дамытуға, ғылыми байланыстарды нығайтуға және жазба мұраларды зерттеу мен сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған дәрістерді, практикалық сабақтар мен ғылыми семинарларды қамтыды.
Халықаралық жазғы мектептің қорытындысы бойынша қатысушыларға Гарвард университеті жанындағы Дэвис орталығының, сондай-ақ ұйымдастыру комитеті мен консорциум мүшелерінің атынан сертификаттар табысталды.




