Жамбыл облысында ауыр қылмысты жасырды деген күдікпен жоғары шенді полиция қызметкері қамалды, деп хабарлайды Todayinfo.
Cотқа дейінгі тергеп-тексеру Байзақ ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасарына қатысты жүргізіліп жатыр.
Қылмысты жасыру аудан аумағында болған 10 700 000 теңге қаражатты жымқыруға қатысты арызды Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркемеу арқылы жүзеге асырылған. Жиналған дәлелдемелердің жиынтығымен күдіктінің іс-әрекеті ҚК-нің 433-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен сараланды (ауыр қылмысты адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасыру).
Хабарламада күдікті полиция қызметкері ҚПК-нің 128-131-баптарының тәртібімен ұсталып, оған қатысты сотпен "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланғаны жазылған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.




