Фото: коллаж Todayinfo.kz
«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев партия ертең Алматыда өтетін қалалық конференцияда ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың кандидатурасын Нобельдің Бейбітшілік сыйлығына ресми түрде ұсынатынын хабарлады, деп жазады Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Партияның айтуынша, бұл шешім – саяси қадамнан бұрын, табиғатпен етене өмір сүрген дала халқының үнін білдіретін символдық бастама. Қазақ халқы үшін ядролық сынақтарға қарсы күрес – жай қоғамдық әрекет емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілікке негізделген мәдени-өркениеттік миссия.
"Семей ядролық полигонын жабуға бастамашы болып, бұл іске шешуші үлес қосқан тұлғаның бірі – Олжас Сүлейменов. Оның бастамасы мен Қазақстан көтерген халықаралық қозғалыстың нәтижесінде әлемнің бірнеше елінде төрт ірі ядролық сынақ алаңы, соның ішінде АҚШ-тағы Невада полигоны да жабылды.
Партия өкілдері қазір әлемде ядролық қақтығыс қаупі артып, геосаяси тұрақсыздық күшейген тұста Сүлейменовтің еңбегінің маңызы бұрынғыдан да өзекті екенін атап өтеді. Оның азаматтық батылдығы миллиондаған адамның өмірін сақтап, ядролық қарудан ада болашаққа ұмтылған елдерге үлгі болған", - деді партияның төрағасы Азаматхан Әміртаев.
«Байтақ» жасылдар партиясы бұл ұсынысты еліміз бен әлем алдындағы адамгершілік борыш ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Ертеңгі конференцияда Нобель комитетіне жолданатын ресми үндеу қабылданады.




