Қорғаныс министрлігі әскерге барғысы келмейтін жастарға қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Әйгерім Ағылтаева әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, мерзімді әскери қызметке бір жылға барғысы келмейтін 24-27 жас аралығындағы азаматтар ақылы негізде әскери-техникалық мектептерде қысқа мерзімді дайындықтан өте алады.
Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша әскери-техникалық мектептердің төртінші легіне курсанттарды қабылдау басталған. Оқу еліміздің 13 қаласындағы әскери-техникалық мектеп филиалдарында ұйымдастырылады.
Бағдарлама аясында азаматтар 42 күн бойы әскери істің негіздерін меңгеріп, тактикалық және атыс даярлығынан өтеді. Сонымен қатар курс барысында атқыш, мерген, сапер, барлаушы секілді әскери мамандықтармен бірге автоэлектрик, дәнекерлеуші, аспаз, наубайшы және техникалық қызмет көрсету салалары бойынша да білім алады.
Сондай-ақ пилоттық жоба шеңберінде ұшқышсыз авиациялық жүйелердің операторларын даярлау бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Оқуды аяқтаған курсанттар әскери ант қабылдап, әскери билет пен әскери-техникалық мамандық бойынша сертификатқа ие болады.
Бағдарламаға қатысу үшін азаматтар тіркелген жері бойынша аудандық немесе қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментке жүгініп, қажетті рәсімдерден өтуі қажет. Бұдан кейін eGov порталы арқылы кезекке тұрып, оқу ақысын төлейді.




