Ақтаудағы Asiakoz International Hospital клиникасы Медицина қызметкерлері күні қарсаңында маңызды жетістікке қол жеткізді. Клиниканың бас дәрігері, ЛОР-хирург Аягөз Бейбітова «Жыл жетістігі - 2026» номинациясымен марапатталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл марапат бір дәрігердің ғана емес, қысқа уақыт ішінде өңірдегі мамандандырылған медицинаның жаңа деңгейін қалыптастырған клиника ұжымының кәсіби жұмысына берілген жоғары баға.
Клиника жұмысын бастағанына небәрі тоғыз ай өтсе де, осы уақыт ішінде Маңғыстау облысындағы жетекші көз және ЛОР орталықтарының біріне айналды. Бұған дейін тұрғындар басқа қалалар мен шетелге барып жасатуға мәжбүр болған көптеген жоғары технологиялық операциялар бүгінде Ақтауда сәтті орындалуда.
Бүгінде клиникада 1500-ден астам операция жасалды. Бұл көрсеткіш тұрғындардың сенімі мен қызмет сапасының айқын дәлелі.
Asiakoz International Hospital-дың басты ерекшелігі – халықаралық тәжірибені өңірге әкелуі. Мұнда Түркияның офтальмология саласындағы жетекші хирургтері мен Қазақстанның тәжірибелі ЛОР мамандары қызмет атқарады. Заманауи технологиялар мен халықаралық емдеу стандарттарының енгізілуі Маңғыстау тұрғындарына бұрын қолжетімсіз болған күрделі операцияларды өз өңірінде жасауға мүмкіндік берді.
Клиника ашылған күннен бастап көздің катарактасы, глаукомасы, торқабық патологиялары бойынша күрделі офтальмологиялық операциялармен қатар, есту қабілетін қалпына келтіруге, мұрын қуысы мен құлақ ауруларын емдеуге бағытталған жоғары технологиялық ЛОР операциялары тұрақты түрде орындалып келеді.
Медицина қызметкерлері күні қарсаңындағы бұл марапат клиника ұжымының кәсіби деңгейі мен өңір тұрғындарына көрсетіп отырған сапалы медициналық қызметінің тағы бір дәлелі болды. Клиника алдағы уақытта да халықаралық тәжірибені енгізіп, медициналық көмектің сапасын арттыру және Маңғыстау тұрғындарына әлемдік деңгейдегі емді туған өлкесінде қолжетімді ету бағытындағы жұмысын жалғастырмақ.




