Фото: istockphoto.com Алматының криминалдық полициясы кәсіпкердің үйіне жасалған қарақшылық шабуылды «ізін суытпай» ашты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Үш ер адамнан құралған қылмыстық топ үйге баса-көктеп кіріп, үй иесін, оның жұбайы мен баласын байлап, өлтіруме
Фото: istockphoto.com
Алматының криминалдық полициясы кәсіпкердің үйіне жасалған қарақшылық шабуылды «ізін суытпай» ашты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Үш ер адамнан құралған қылмыстық топ үйге баса-көктеп кіріп, үй иесін, оның жұбайы мен баласын байлап, өлтірумен және күш қолданумен қорқытқан.
Қаскөйлер сейфке қол жеткізіп, ондағы ақша қаражаты мен бағалы әшекейлерді алып кеткен. Келтірілген шығын шамамен 500 миллион теңгені құрады.
«Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілерді іздеуге дереу кірісті. Жедел әрекеттің нәтижесінде қарақшылық шабуылға қатысы бар үш адамның да жеке басы анықталды және ұсталды, айғақты заттар тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді, Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.
Оның айтуынша, күдіктілерді ұстау іс-шарасына бөлімшенің ең үздік қызметкерлері жұмылдырылған. Жедел-іздестіру жүйесі тиімді жұмыс істеп, ұрланған мүліктің өткізілуі мүмкін арналары толықтай тексерілген. Кешенді шаралардың нәтижесінде күдіктілердің орналасқан жері анықталып, олар қолға түсті.
«Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстарды дер кезінде ашу – қалалық полицияның басты міндеті. Біз азаматтардың құқығы мен өмірін қорғау, оларға сенімділік пен қауіпсіздік сезімін қайтару үшін барынша кәсіби әрі жедел әрекет етеміз. Мұндай қылмыстар жазасыз қалмайды: шабуылға қатысқандардың бәрі ұсталды, айғақтар тәркіленді және әрқайсысы заң аясында жауап береді», – деді, Қуатбек Науатов.